Сендермен міндеттеме жасасқан серік қосушыларға Алла мен Оның елшісі тарапынан қатыссыздық туралы мәлімдеме.

1.

Ендеше, жерде төрт ай бойы саяхаттаңдар және Алланы әлсірете алмайтындықтарыңды және Алла жабылушыларды масқаралайтынын біліңдер!

2.

Ең үлкен қажылық күні Алла мен Оның елшісі тарапынан адамдарға құлақтандыру: Алла мен Оның елшісінің серік қосушыларға қатысы жоқ, егер тәубе етсеңдер, бұл өздерің үшін жақсырақ! Егер теріс бұрылсаңдар, Алланы әлсірете алмайтындықтарыңды біліңдер! Жабылғандарды ауыр азаппен қуант!

3.

Бірақ сендермен міндеттеме жасасқаннан кейін сендерге ешқандай кемшілік істемеген және сендерге қарсы ешкімді қолдамаған серік қосушылардың жөні бөлек. Ендеше, олардың міндеттемелерін мерзімдеріне дейін тамамдаңдар. Расында, Алла сақ болушыларды сүйеді!

4.

(Шайқасуға) тыйым айлар өткеннен кейін серік қосушыларды тапқан жерлеріңде өлтіріңдер! Оларды ұстаңдар, қоршаңдар, әр торуылдайтын жерде оларды торуылдаңдар! Бірақ олар тәубе етіп, сиынуды орындап, ақтайтын шығын шығарса, онда оларды босатыңдар! Расында, Алла – Кешіруші, Рақымды!

5.

Егер серік қосушылардан біреу сенен пана сұраса, ол Алланың сөздерін естімейінше оны паналат. Содан соң оны қауіпсіз орынға дейін жеткіз. Бұл олардың білмейтін халық болғандықтарынан!  

6.

(Шайқасуға) тыйым сәжде жасайтын орынның маңында сендермен міндеттеме жасасқандардан басқа серік қосушылар үшін Алла алдында және Оның елшісі алдында міндеттеме қалайша болмақ? Олар сендерге қалай түзу болса, сендер де оларға солай түзу болыңдар! Расында, Алла сақ болушыларды сүйеді!

7.

Қалайша? Егер олар сендерден үстем болса, олар сендерге қатысты туыстыққа да, келісімге де қарамайтын еді. Олар сендерді ауыздарымен риза қылады, бірақ жүректері қарсы келеді. Олардың көбісі – шегінушілер!   

8.

Олар Алла белгілерін болмашы құнға сатып, Оның жолынан тосты. Расында, олардың істеген нәрселері жаман!

9.

Олар сенушілерге қатысты туыстыққа да, келісімге де қарамайды! Олар – шектен асушылар!

10.

Бірақ олар тәубе етіп, сиынуды орындап, ақтайтын шығын шығарса, онда олар сендердің борыштағы бауырластарың! Білетін халық үшін Біз белгілерді егжей-тегжейлі түрде баяндадық!

11.

Егер олар міндеттемелерінен кейін анттарын бұзып, борыштарыңды қараласа, жабықтықтың жетекшілерімен шайқасыңдар! Расында, олар үшін ант жоқ, бәлкім, олар тыйылар!

12.

Анттарын бұзған, елшіні қуып шығаруға ниеттенген халықпен шайқаспайсыңдар ма? Ең алғашқы рет сендерге қарсы шығып олар бастаған. Олардан қорқасыңдар ма? Қорқуларыңа Алла лайықтырақ, егер сенуші болсаңдар!

13.

Олармен шайқасыңдар! Алла оларды қолдарыңмен азаптайды, оларды масқаралайды, сендерге оларға қарсы көмектеседі, сенуші халықтың көңілдеріне шипа береді

14.

және жүректерінің ашуын алып тастайды! Алла қалағанның тәубесін қабыл етеді. Алла – Білуші, Дана!

15.

Әлде сендер, Алла араларыңнан ынталанғандарды және Алладан, елшіден және сенушілерден басқаны өзіне жақын қылып алмағандарды білмейінше қалдырыласыңдар деп есептедіңдер ме? Алла істейтін нәрселеріңнен Хабардар!

16.

Серік қосушыларға, өздерінің жабықтықтары туралы куәлік бере тұра, Аллаға сәжде жасайтын орындарды қалпына келтіруге болмайды! Олардың амалдары сәтсіз аяқталды, олар – отта қалушылар!

17.

Расында, Аллаға сәжде жасайтын орындарды Алла мен Ақырғы Күнге сенім келтіргендер, сиынуды орындағандар, ақтайтын шығын шығарғандар және Алладан ғана қорыққандар қалпына келтіреді! Олар бағытталушы болуы мүмкін!

18.

Сендер қажыларға су беру мен (шайқасуға) тыйым сәжде жасайтын орынды қалпына келтіру амалдарын, Алла мен Ақырғы Күнге сенім келтіріп, Алла жолында ынталанған біреудің амалдары сияқты деп санадыңдар ма? Олар Алланың алдында тең емес, Алла залым халықты бағыттамайды! 

19.

Сенім келтіргендер, қоныс аударғандар және Алла жолында мүліктерімен және өз-өздерімен ынталанғандар дәреже бойынша Алла алдында зорырақ! Олар – табысқа жетушілер!

20.

Иелері оларды Өз тарапынан мейірім, ризалық және бақтармен қуантады! Оларға оның ішінде – тұрақты жарылқау!

21.

Олар оның ішінде тұрақты түрде қалушы! Расында, Аллада зор сый бар!

22.

Уа сенім келтіргендер! Егер әкелерің мен бауырларың сенімнен гөрі жабықтықты сүйсе, онда оларды жебеуші қылып алмаңдар! Араларыңнан кімде-кім оларды жебеуші қылып алса, олар – залымдар!

23.

«Егер әкелерің, ұлдарың, бауырларың, жұбайыларың, туыстарың, иеленген мүліктерің, жүрмей қала ме деп қорқатын саудаларың және риза болған мекенжайларың сендерге Алладан, Оның елшісінен және Оның жолында ынталанудан гөрі сүйіктірек болса, Алла әмірімен келмейінше күтіңдер! Алла шегінуші халықты бағыттамайды!» – деп айт.

24.

Алла сендерге көп жерлерде көмек берген еді, әрі Хұнайын күнінде де. Сонда сендер көптіктеріңе ғажаптандыңдар, бірақ бұдан сендерге еш пайда тиген жоқ! Кеңдігіне қарамастан жер сендерге тар болып қалды, содан соң сендер қаша жөнелдіңдер!

25.

Содан соң Алла елшісі мен сенушілерге Өз тыныштығын түсірді. Сендер көрмеген әскерлерді түсірді және жабылғандарды азаптады. Бұл – жабылушылардың жазасы!

26.

Содан кейін Алла қалағанның тәубесін қабыл етеді, Алла – Кешіруші, Рақымды!

27.

Уа сенім келтіргендер! Расында, серік қосушылар – былғаныш! Ендеше, осы жылдарынан кейін олар (шайқасуға) тыйым сәжде жасайтын орынға жақындамасын. Егер мұқтаждықтан қорықсаңдар, онда Алла сендерді Өз артықшылығынан байытады, егер Ол қаласа. Расында, Алла – Білуші, Дана!

28.

Кітап берілгендерден Алла мен Ақырғы Күнге сенім келтірмейтін, Алла мен Оның елшісі тыйым салған нәрсеге тыйым салмайтын, хақ борышын борыш ретінде алмайтындармен шайқасыңдар, салынған өтемақыны қолдарымен кішірейіп бермейінше!

29.

Яһудилер: «Сотшы – Алланың ұлы» – деді, мәсіхшілер: «Майланған – Алланың ұлы» – деді. Бұл – аузыдарындағы сөздері, олар алдын жабылғандардың сөздеріне еліктейді. Олар қайда ғайбаттаса да, Алла оларды құртады!

30.

Олар кітапшылдары мен монахтарын және Мәриям ұлы майланғанды – Алладан өзге иелер ретінде алды. Оларға жалғыз тәңірге қызмет ету ғана әмір етілді, Одан басқа тәңір жоқ! Ол, олардың қосқан серіктерінен пәк! 

31.

Олар Алланың нұрын ауыздарымен сөндіргісі келеді, бірақ Алла Өз нұрын толықтыруды қалайды, бұны жабылғандар жеккөрсе де!

32.

Ол Өз елшісін Нұсқаумен және хақ борышымен жіберді, ол бүкіл борыштардан үстем болсын деп, бұны серік қосушылар жеккөрсе де!

33.

Уа сенім келтіргендер! Расында, кітапшылдар мен монахтардың көбі адамдардың мүлігін босқа жейді және Алланың жолынан тосады! Алтын мен күмісті жиып, Алла жолында жұмсамайтындарды ауыр азаппен қуант! 

34.

Сол Күні ол нәрселері Тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, бүйірлері және арқалары күйдіріледі! Бұл өздеріңе жиған нәрселерің! Ендеше, жиған нәрселеріңді татыңдар!

35.

Расында, аспандар мен жерді жаратқан күннен бастап, Алланың Кітабы бойынша айлардың саны Алла алдында он екі. Солардың ішінен төртеуі – (шайқасуға) тыйым. Бұл – тік борыш! Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар және серік қосушылар сендермен түгел бүтіндей шайқасқандай, сендер де олармен түгел бүтіндей шайқасыңдар! Алла сақ болушылармен бірге екенін біліңдер!

36.

Расында, кейінге қалдыру – жабықтықтың арттырылуы. Ол арқылы жабылғандар жаңылады. Олар оны бір жылы рұқсатты қылып, басқа жылы тыйым қылады, Алла тыйым еткеннің санын төмендету үшін. Осылай олар Алла тыйым қылғанды рұқсатты қылады! Оларға жаман амалдары әсемделген! Алла жабылушы халықты бағыттамайды!

37.

Уа сенім келтіргендер! Сендерге: «Алланың жолында аттаныңдар!» –  делінгенгенде, неліктен сендер жерге ауырлап түстіңдер? Сендер Ақырғы өмірден гөрі бергі өмірге ризасыңдар ма? Бергі өмірдің пайдаланымы Ақырғынікіне қарағанда азғантай ғана.

38.

Егер аттанбасаңдар, ауыр азаппен азапталасыңдар және өздеріңнен өзге халықпен ауыстырыласыңдар! Сендер Оған еш зиян тигізе алмайсыңдар, Алла әр нәрсеге Құдіретті!

39.

Егер оған көмектеспесеңдер де, оны жабылғандар шығарған кезде Алла оған көмектескен еді! Ол екінің екіншісі болған. Ол екеуі үңгірде болған кезде, ол жолдасына: «Қайғырма, расында, Алла бізбен бірге!» – деді. Сонда Алла оған Өз тыныштығын түсірді және оны сендер көрмеген әскерлермен қолдады. Ол жабылғандардың сөзін ең төмен қылып орнатты. Алланың сөзі, ол – ең жоғары! Алла – шамасы әр нәрсеге жетуші, Дана!

40.

Жеңіл және ауыр түрде аттаныңдар, Алла жолында мүліктеріңмен және өз-өздеріңмен ынталаныңдар! Бұл өздерің үшін жақсы, егер білетін болсаңдар!

41.

Егер ұсыныс жақын немесе сапар қысқа болса, олар саған ерер еді. Бірақ арақашықтық олар үшін алыс болды. Олар: «Егер шамамыз келсе, біз сендермен бірге шығатын едік!» – деп, Алланың атымен ант беретін болады. Олар өздерін-өздері құртып жатыр, Алла олардың өтірікші екенін біледі!    

42.

Алла сені кешті! Неліктен сен, өзіңе шыншылдар анықталмайынша және өтірікшілерді білмейіңше оларға рұқсат бердің?

43.

Алла мен Ақырғы Күнге сенім келтіретіндер мүліктерімен және өз-өздерімен ынталану үшін сенен рұқсат сұрамайды. Алла – сақ болушыларды Білуші!   

44.

Расында, сенен Алла мен Ақырғы Күнге сенбейтіндер рұқсат сұрайды! Жүректері күмәнданады, олар күмәндарында теңселіп тұрады!

45.

Егер олар шығуды қаласа, онда ол үшін құралдарын дайындайтын еді, бірақ оларды жөнелту Аллаға жеккөрінішті болды, сондықтан Ол оларды тоқтатты. «Отырушылармен бірге отырыңдар!» – делінді.

46.

Егер олар сендермен шықса, сендерге тек абыржытуды арттырар еді және араларыңда асығып жүріп, сендерді ылаңға салуға ұмтылар еді! Араларыңда оларды тыңдаушылар бар, бірақ Алла залымдарды Білуші!

47.

Бұрын да олар, ақиқат келмейінше саған істердің астын үстіне келтіріп, ылаңға ұмтылатын еді. Олар бұны жеккөруші болса да, Алланың әмірі үстем болды!    

48.

Олардың арасында: «Маған рұқсат ет те мені ылаңға салма!» – дейтіндері бар. О, олар ылаңға түскен! Расында, тозақ – жабылушыларды қаумалаушы!

49.

Егер саған жақсылық тисе, бұл оларды ызаландырады, ал егер саған бақытсыздық тисе, олар: «Ісімізді бұрыннан қолға алған едік!» – деп, шаттанып, теріс бұрылады.  

50.

«Бізге тек Алланың ұйғарғаны ғана тиеді. Ол біздің Жебеушіміз! Сенушілер Аллаға тәуекел етсін!» – деп айт.

51.

«Сендер, бізге екі ең жақсы нәрсенің бірі емес, басқа нәрсе келеді деп күтесіңдер ме? Біз, Алла сендерге Өзінің азабымен немесе біздің қолдарымызбен соққы береді деп күтеміз! Ендеше күтіңдер, біз де сендермен бірге күтушіміз!» – деп айт.

52.

«Ерікті түрде не еріксіз түрде жұмсасаңдар да, сендерден қабылданбайды! Расында, сендер шегінуші халықсыңдар!» – деп айт.

53.

Олардың жұмсауларын қабылдауға кедергі болып келесі нәрселер ғана келеді: олардың Алла мен Оның елшісінен жабылғандықтары, олардың сиынуға ерініп қана келетіндіктері және еріксіз түрде ғана жұмсайтындықтары!

54.

Сені олардың мүліктері мен балалары ғажаптандырмасын! Расында, Алла оларды бұл арқылы бергі өмірде азаптауды және жабылушы болған күйде тұлғаларының кетуін қалайды!  

55.

Олар: «Расында, біз сендерденбіз!» – деп, Алланың атымен ант береді, бірақ олар сендерден емес, алайда олар қорқатын халық. 

56.

Егер олар пана немесе үңгірлер немесе бір кіретін жер тапса, олар теріс бұрылып, оған қарай қашар еді!

57.

Олардың арасында садақалар үшін сені күлкі қылатындары бар, бірақ егер оларға одан берілсе, олар риза болады, ал егер оларға одан берілмесе, онда олар ашуланады.

58.

Егер олар, Алла мен Оның елшісінің өздеріне бергеніне риза болып: «Бізге Алла жеткілікті! Алла мен Оның елшісі бізге Өз артықшылығынан береді. Расында, Біз Аллаға тілек жолдаймыз!» – десе.

59.

Расында, садақалар кедейлерге, жарлыларға, олармен (садақалармен) жұмыс жасаушыларға, жүректерін қосуға, құқықсыздарға, қарыздарларға, Алла жолына, жолаушыларға арналған. Бұл Алладан міндеттеме. Алла – Білуші, Дана!

60.

Олардың арасында хабарландырушыны ренжітіп: «Ол – құлақ!» – дейтіндері бар. «Құлақ өздерің үшін жақсы!» – де. Ол Аллаға сенеді, сенушілерге сенеді және араларыңдағы сенім келтіргендерге мейірім болып келеді. Алла елшісін ренжіткендерге – ауыр азап!

61.

Олар сендерді риза қылу үшін Алланың атымен ант етеді, бірақ олар Алла мен Оның елшісін риза қылу тиіс, егер олар сенуші болса!

62.

Кімде-кім Алла мен Оның елшісіне қарсылық қылса, онда оған, расында, тозақтың оты болатындығын олар білмеді ме? Ол сол жерде қалушы. Бұл – зор масқаралық!

63.

Сатылғыштар, өз жүректеріндегіні хабарлайтын тараудың (сүренің) өздеріне қарсы түсуінен қорқады. «Мазақ қыла тұрыңдар! Расында, Алла қорқатын нәрселеріңді Шығарушы!» – де.

64.

Егер олардан сұрасаң, олар: «Расында, біз әңгімелесіп, қалжыңдасқанбыз!» – дейді. «Алланы, Оның белгілерін, Оның елшісін мазақ қылдыңдар ма?» – де.

65.

Сылтауратпаңдар! Сендер сенімдеріңнен кейін жабылдыңдар. Сендерден бір топты кешсек, басқа топты қылмыскер болғандықтары үшін азаптаймыз!

66.

Сатылғыш ерлер мен сатылғыш әйелдер – бір-бірінен. Олар мақұлданбағанды әмір етіп, мақұлданғаннан тыяды, олар қолдарын жұмады. Олар Алланы ұмытты, сондықтан Ол оларды да ұмытты. Расында, сатылғыштар, олар – шегінушілер!

67.

Алла сатылғыш ерлер мен сатылғыш әйелдерге және жабылушыларға тозақ отын уәде етті! Олар сол жерде қалушылар! Ол оларға жеткілікті. Алла оларды лағынеттеді. Оларға – тұрақты азап!

68.

Өздеріңнен бұрынғылардай! Олар қуат жағынан сендерден мықтырақ болған, мүлік пен балалары да сендердікінен көп болған, олар несібелерімен пайдаланған еді! Сендер де, өздеріңнен бұрынғылар несібелерімен пайдаланғандай несібелеріңмен пайдаландыңдар! Олар әңгіме жүргізгендей сендер де әңгіме жүргіздіңдер! Олардың амалдары бергі өмірде де, Ақырғы өмірде де сәтсіз аяқталды! Олар – қасірет шегушілер!

69.

Оларға өздерінен бұрын болған: Нұх халқы, Ғад, Сәмүд, Ибраһим халқы, Мәдиян тұрғындары және төңкерілгендер туралы хабар келмеп пе еді? Оларға елшілері айқын дәлелдермен келген еді. Алла оларға зұлымдық қылған емес, алайда олар өздеріне зұлымдық қылды!

70.

Сенуші ерлер мен сенуші әйелдер – бір-бірінен. Олар мақұлданғанды әмір етіп, мақұлданбағаннан тыяды, олар сиынуды орындайды, ақтайтын шығын шығарады, олар Алла мен Оның елшісіне бағынады. Алла оларды мейіріміне бөлейді! Расында, Алла – шамасы әр нәрсеге жетуші, Дана!

71.

Алла сенуші ерлер мен сенуші әйелдерге астарынан өзендер ағатын бақтарды уәде етті! Олар сол жерде қалушылар! Ғадн бақтарында салауатты мекенжайларды [уәде етті]! Алланың ризалығы бұдан да үлкен! Бұл – зор жеңіс!

72.

Уа хабарландырушы! Жабылушылармен және сатылғыштармен күрес! Оларға қатаң бол! Олардың панасы – тозақ! Бұл жаман нәтиже!

73.

Олар: «Айтпадық» – деп, Алланың атымен ант береді, бірақ олар жабықтық сөзін айтып қойған еді. Олар бойұсынуларынан кейін жабылды. Олар іске асыра алмайтын нәрсені істеуге ниеттенді. Олар Алла мен Оның елшісі оларды Өз артықшылығынан байытқаны үшін ғана кектенді. Егер олар тәубе етсе, бұл өздері үшін жақсырақ, ал егер олар теріс бұрылса, онда Алла оларды бергі өмірде де, Ақырғы өмірде де ауыр азаппен азаптайды. Оларға жерде жебеуші де, көмекші де жоқ!  

74.

Олардан: «Егер Ол бізге Өз артықшылығынан берсе, онда біз міндетті түрде садақа береміз және міндетті түрде түзелтушілерден боламыз!» – деп, Алла алдында міндеттеме бергендер бар.

75.

Ол оларға Өз артықшылығынан бергеннен кейін олар оған сараңдық жасап, теріс бұрылды! Олар – шеттенушілер!

76.

Олар Аллаға берген уәделерін бұзғандықтары үшін және өтірікші болғандықтары үшін, Ол олардың жүректерінде Өзімен кездесетін күнге дейін сатылғыштықты оятты.

77.

Алла олардың сырлары мен құпия әңгімелерін білетіндігін және Алла ғайыптарды Білуші екендігін олар білмеді ме?  

78.

Садакалар үшін сенушілерден еріктілерді және өз ынтасынан басқа ешнәрсе таппайтындарды күлкі қылып, келеке ететіндерді Алла өздерін келеке қылады. Оларға – ауыр азап!

79.

Олар үшін кешірім сұрасаң да, сұрамасаң да, тіпті жетпіс рет кешірім сұрасаң да, Алла оларды кешірмейді. Бұл олардың Алла мен Оның елшісінен жабылғандықтары үшін. Алла шегінуші халықты бағыттамайды!

80.

Алла елшісінің артында отырып қалғандар шаттанды. Олар Алла жолында мүліктерімен және өз-өздерімен ынталанудан жиіркенді! Олар: «Ыстықта аттанбаңдар!» – деді. «Тозақ оты одан қатты ыстық!» – деп жауап бер, егер олар түсінетін болса!   

81.

Ендеше, олар аз күліп алсын, бірақ сосын иеленген нәрселерінің жазасы ретінде көп жыласын!

82.

Егер Алла сені олардың бір тобына қайтарып, олар сенен шығуға рұқсат сұраса: «Сендер ешқашан менімен бірге шықпайсыңдар және менімен бірге қарсыласпен шайқаспайсыңдар! Расында, сендер ең алғашқы рет отырып қалғанға риза болдыңдар, ендеше, қалушылармен бірге отырыңдар!» – деп айт.

83.

Олардан өлген ешқайсысын сүйемелдеме, оның қабірінің басында да тұрма! Олар Алла мен Оның елшісінен жабылған күйде өлді. Олар – шегінушілер!

84.

Сені олардың мүліктері мен балалары ғажаптандырмасын! Расында, Алла оларды бұл арқылы бергі өмірде азаптауды және жабылушы болған күйде тұлғаларының кетуін қалайды!  

85.

«Аллаға сенім келтіріңдер және Оның елшісімен бірге ынталаныңдар!» – делінген тарау (сүре) түсірілген кезде, олардың жағдайлары барлары сенен рұқсат сұрап: «Бізді қалдыр, біз отырушылармен бірге боламыз!» – деді.

86.

Олар қалушылармен бірге болғандарына риза болды. Олардың жүректері мөрленді, олар түсінбейді.

87.

Алайда, елші және онымен бірге сенім келтіргендер, мүліктерімен және өз-өздерімен ынталанды. Оларға – жақсылықтар! Олар – жетістікке жетушілер!

88.

Алла оларға астарынан өзендер ағатын бақтарды дайындады! Олар сол жерде қалушылар! Бұл – зор жеңіс!

89.

Көшпенді арабтардан сылтауратушылар өздеріне рұқсат берілуі үшін келді және Алла мен Оның елшісін өтірікші санағандар отырып қалып қойды. Олардың арасындағы жабылғандар ауыр азапқа ұшырайды!    

90.

Әлсіздер, аурулар және жұмсайтын нәрсе таппайтындарға теріс қылық тағылмайды, олар Алла мен Оның елшісі алдында шынайы болса. Жақсылық істеушілерге қарсы жол жоқ! Алла – Кешіруші, Рақымды!

91.

Және өздерін аттануға көліктендіруің үшін саған келгендерге де [теріс қылық тағылмайды]. Сен: «Сендерге мінгізетін көлік таба алмай тұрмын!» – дедің. Олар теріс бұрылды да жұмсайтын нәрсе таппай тұрғандықтарынан қайғыланып, көздерінен жас ақты.

92.

Расында, жол, өздері бай бола тұра, сенен рұқсат сұрайтындарға қарсы жатыр. Олар қалушылармен бірге болатындықтарына риза болды. Алла олардың жүректерін мөрледі. Олар – білмейді!

93.

Оларға қайтқан кездеріңде, олар сендерге сылтауратады. Былай де: «Сылтауратпаңдар! Біз сендерге сенбейміз, Алла бізге сендер туралы ақпаратты хабарландырып қойған! Алла мен Оның елшісі амалдарыңды көреді, содан соң ғайып пен куәландырылғанды Білушіге ораласыңдар! Сонда Ол сендерге істеген нәрселеріңді хабарлайды!»

94.

Оларға қайтып келген кездеріңде, олар өздерінен шеттенулерің үшін сендерге Алланың атымен ант беретін болады. Ендеше, олардан шеттеніңдер! Расында, олар – былғаныш! Иеленген нәрселері үшін жаза ретінде олардың панасы тозақ болады!

95.

Оларға риза болуларың үшін олар сендерге ант етеді. Егер оларға риза болсаңдар, онда, расында, Алла шегінуші халыққа риза болмайды!

96.

Көшпенді арабтар жабықтық пен сатылғыштықта ең қатты және Алла Өз елшісіне түсірген шектеулерді білмеуге ең бейімді! Алла – Білуші, Дана!

97.

Көшпенді арабтардың арасында өз жұмсауларын залал ретінде қабылдайтындар және сендердің бәлеге ұшырауларыңды күтетіндер бар. Олар жаман бәлеге ұшырайды, Алла – Естуші, Білуші!

98.

Бірақ көшпенді арабтардың арасында Алла мен Ақырғы Күнге сенім келтіретіндер бар! Олар өз жұмсаулары мен елшінің сиынуларын Аллаға жақындау деп қабылдайды. О, расында, бұл олар үшін жақындау! Алла оларды Өз мейіріміне кіргізетін болады. Расында, Алла – Кешіруші, Рақымды!

99.

Қоныс аударушылар мен көмекшілердің арасынан алғашқы болып озышуларға және оларға жақсылықта ергендерге Алла риза болды, олар да Оған риза! Ол оларға астарынан өзендер ағатын бақтарды дайындады. Олар сол жерде тұрақты түрде қалушылар! Бұл – зор жеңіс!

100.

Айналаларыңдағы көшпенді арабтардың арасында және Мәдине тұрғындарының арасында сатылғыштар бар. Олар сатылғыштыққа үйреніп қалған. Сендер оларды білмейсіңдер, Біз оларды білеміз! Біз оларды екі рет азаптаймыз! Содан соң олар зор азапқа оралады!

101.

Бірақ өз айыптарын мойындаған басқалары да бар. Олар түзелту амалын басқа жаман амалмен араластырды. Алланың олардың тәубесін қабыл етуі мүмкін! Расында, Алла – Кешіруші, Рақымды!

102.

Олардың мүліктерінен садақа ал, ол арқылы сен оларды тазартып, ақтайсың. Олар үшін сиын, расында, сенің сиынуың олар үшін тынышталу. Алла – Естуші, Білуші!

103.

Олар Алла Өз қызметшілерінен тәубені қабыл етіп, садақаларды қабылдайтынын білмеп пе еді? Алла – тәубені қабыл етуші, Рақымды!

104.

«Амал етіңдер! Сонда амалдарыңды Алла, Оның елшісі және сенушілер көреді. Ғайып пен куәландырылғанды Білушіге ораласыңдар! Сонда Ол сендерге істеген нәрселеріңді хабарлайды!» – деп айт.

105.

Алла әмірін күтетін басқалары да бар. Ол оларды не азаптайды, не тәубелерін қабыл етеді. Алла – Білуші, Дана!

106.

Сәжде жасайтын орындарды зиян, жабықтық, сенушілердің арасын бөлу үшін және бұрын Алла мен Оның елшісімен соғысқандарға дайындық ретінде жасағандар міндетті түрде: «Біз жақсылықты ғана қаладық!» – деп Алланың атымен ант етеді. Алла олардың, расында, өтірікші екендігіне куәлік береді!

107.

Оның ішінде ешқашан тұрма. Ең алғашқы күнінен бастап сақ болушылыққа негізделген сәжде жасайтын орын сенің тұруыңа лайықтырақ. Оның ішінде тазаруды сүйетін ерлер бар, Алла тазарушыларды сүйеді!

108.

Ендеше, қайсысы жақсы? Өз құрылысын Алла алдында сақ болу мен Оның ризалғына негіздеген біреу ме? Әлде өз құрылысын қиралып жатқан жартастың шетіне негіздеп, онымен бірге тозақ отына құлаған біреу ме? Алла залым халықты бағыттамайды!

109.

Құрған құрылыстары жүректері жарылмайынша жүректеріндегі күмәнді қойдырмайды! Алла – Білуші, Дана!

110.

Алла сенушілерден өздерін және мүліктерін баққа сатып алды! Олар Алла жолында шайқасады, өлтіреді әрі өлтіріледі. Оның Тәурат, Інжіл мен Құрандағы хақ уәдесіне сәйкес. Өз міндеттемесін Алладан гөрі толығырақ кім орындайды екен? Ендеше, онымен жасасқан сауда келісімдеріңе қуаныңдар! Бұл – зор жеңіс!

111.

Сенушілерді қуант: тәубе етушілерді, қызмет етушілерді, даңқтаушыларды, саяхаттаушыларды, тізеге отырушыларды, сәждеге жығылушыларды, мақұлданғанды әмір етушілерді, мақұлданбағаннан тыюшыларды, Алла шектеулерін сақтаушыларды!

112.

Серік қосушылар тозақ отының тұрғындары екені өздеріне анықталғаннан кейін, олар тіпті жақын туыстары болса да, хабарландырушы мен сенушілерге олар үшін кешірім сұрауға болмайды!

113.

Ибраһимнің әкесі үшін кешірім сұрағаны оған берген уәдесі үшін ғана болды. Бірақ ол Алланың қарсыласы екені өзіне анықталғаннан кейін ол одан бас тартты! Расында, Ибраһим момын және жұмсақ еді.

114.

Алла халықты бағыттағаннан кейін оған неден сақсыну керектігін түсіндірмейінше жаңылдыратындай емес. Расында, Алла әр нәрсені Білуші!

115.

Расында, Аллаға аспандар мен жердің билігі тиесілі! Ол тірілтеді және өлтіреді! Сендер үшін Одан басқа жебеуші де, көмекші де жоқ!

116.

Алла хабарландырушының, қоныс аударушылардың және көмікшілердің тәубелерін қабыл етті, олар оған ауыртпалық сағатында ерген, бір бөлімдерінің жүректері ауытқи жаздағаннан кейін. Содан соң Ол олардың тәубесін қабыл етті, расында, Ол оларға Жұмсақ, Рақымды!

117.

Кеңдігіне қарамастан жер өздеріне тар болып және өздеріне өздері тар болып қалмайынша қалып қойған үшеудің де [тәубесін қабыл етті]! Олар: «Алладан пана тек Ода ғана!» – деп ойлады. Содан соң Ол, олар тәубе етулері үшін оларға тәубе сәтін берді, расында, Алла – тәубені қабыл етуші, Рақымды!

118.

Уа сенім келтіргендер! Алладан сақсынып, шыншылдармен бірге болыңдар!

119.

Мәдине тұрғындары мен олардың айналасындағы көшпенді арабтарға елшінің артында қалып қоюға, өздерін оның тұлғасынан артық көруге болмайды! Себебі Алла жолында оларға шөл, қажығандық пен аштықтың тиюі де, жабылушыларды ашуландыратын қадам басулары да, қарсыластан артықшылыққа ие болулары да олар үшін түзелтуші амал ретінде жазылады. Расында, Алла жақсылық істеушілердің сыйын жоғалтпайды!

120.

Олардың жұмсайтын жұмсауларының азы да, көбі де, аңғарды өтулері де олар үшін жазылады, Алла оларды істеген нәрселері үшін ең жақсы сыйға бөлендіруі үшін!

121.

Сенушілер түгел бүтіндей аттанатындай емес. Ендеше, неге олардың әр бөлімінен бір топқа ғана аттанбасқа? Оралған кезде олар халқын борышқа үйретуі үшін және алдын-ала ескертуі үшін! Бәлкім, олар сақтанар!

122.

Уа сенім келтіргендер! Маңайларындағы жабылушылармен шайқасыңдар. Олар сендерден қатаңдық тапсын! Алла сақ болушылармен бірге екенін біліңдер!

123.

Тарау (сүре) түсірілген кезде, олардың арасындағылары: «Ол қайсысыларыңнын сенімін арттырды?» – дейді. Сенім келтіргендерге келер болсақ, ол олардың сенімін арттырды және олар қуанады.

124.

Жүректерінде ауру барларға келер болсақ, ол жексұрындықтарының үстіне жексұрындық арттырды, олар жабылушы болған күйде өлді.

125.

Немесе олар әр жыл сайын бір немесе екі рет ылаңға салынатынын көрмейді ме? Содан соң олар тәубе етпейді және олар еске алмайды.

126.

Тарау (сүре) түсірілген кезде, олар бір-біріне қарап: «Сендерді көретін біреу бар ма?» [– деп], содан соң безді, Алла жүректерін бездірді, себебі олар түсінбейтін халық!

127.

Сендерге өздеріңнен елші келді, сендердің қиын жағдайға түсулерің оған ауыр тиеді, ол сендердің қамдарыңды ойлаушы. Ол сенушілерге жұмсақ, рақымды!

128.

Егер олар теріс бұрылса, онда: «Маған Алла жеткілікт! Одан басқа тәңір жоқ! Оған тәуекел еттім! Ол – көтеріліп тұрғызылған зор нәрсенің Иесі!»

129.