«Езра ұлдығының» мәселенамасы

Аяушы, Рақымды Алланың атымен

Исламдық дәстүрде яһудилер тарапына библиялық пайғамбар Езраның мәртебесіне қатысты сын бар. Исламдық дәстүрдің айтуынша яһудилер Езраны «Аллаһтың ұлы» деп атап, Алланың наразылығын тудырған. Осы сынды қозғаған кезде, мұсылмандар Құранның келесі үзіндісіне сүйенеді (Халифа Алтай аудармасы келтірілген):

(Өйткені) Яһудилер: «Ғұзайыр Алланың ұлы» деді. Және Христиандар да: «Ғиса Алланың ұлы» деді. Бұл, бұрынғы кәпірлердің сөзіне ұқсатып, ауыздарымен айтқандары. Құдай атқырлар, қайтып алданып отыр. (9:30)

Мұсылмандар Ғұзайыр деп тұрған пәленше библиялық Езра дейді. Яһудилер болса дәстүрлі Исламның бүкіл тарихы бойы бұл сынды жоққа шығарады. Бұл тарап Езраның ұлдығы туралы ақпарат бірде бір яһудилік дереккөзінде белгіленбегеніне сілтейді. Мұсылмандар бұл фактті мойындайды, бірақ олар тіпті Құраннан да кейін жазылған дереккөздерге сүйене тұра, баяғы заманда яһудилердің белгілі бір азшылығы Езраны Алланың ұлы атап, оны құдайдың қасиетіне бөледі, сонымен Алла барлық яһудилерді емес, оларды ғана сынға ұшыратты дейді. Бірақ мұсылмандардың бұл мәлімдемесінің астында тарихи негіздеме жоқ.

Бұл мәселені тек құрани мәнмәтінде ғана шешуге тырысайық. Қызықтысы, «Езра» деген жалқы есім ретінде түсінілетін «عُزَيْرٌ» (‘узәйрун) араб сөзі Құранда бір-ақ рет кездеседі. Сонымен, құрани мәтінде бұл сөз жалқы есім болып келеді әрі дәп библиялық Езраны білдіреді деген пікірді жоққа шығаратын немесе растайтын үзінді жоқ. Дұрысырақ түсіну үшін жоғарыда келтірілген үзіндінің мәнмәтініне жүгінейік: Алла яһудилерді сынға ұшыратқан соң мәсіхшілерді Ғисаны Алланың ұлы атағандары үшін сынға ұшыратуда. Халифа Алтай «Ғиса» деп «مَسِيحُ» (мәсиху) сөзін аударды, бірақ көргеніңіздей бұл жерде Ғиса деген жалқы есім сөзбе-сөз жазылып тұрған жоқ, бұл араб сөзінің тікелей қазақша аудармасы – «майланған»«мәсіх», – соңғысы қазақ тіліне енген араб калькасы болып келеді. Яғни бұл сөз адамның мәртебесін білдіреді. Сондықтан С. Б. Рысжанов бұл жерді осылай аударған (С. Б. Рысжанов орысша аудармасының мақала авторының қазақ тіліне өзіндік аудармасы):

… Мәсіхшілер: «Майланған – Алланың ұлы» – деді… (9:30)

Тіпті біз үшін үйреншікті Иса Мәсіх сөз жұбында да, оның екінші бөлігі Исаның есімінің бөлігі емес қой, бұл сөз, қайта айта кетсе, Исаның мәртебесін білдіреді. Мәсіх сөзі оның есімінің бір бөлігі ретінде бергі дәстүрде ғана қабылдана бастады. Әйтсе де, Танахтың әрі Інжілдің өзінде бұл сөз біреудің бір есімі ретінде келмейді.

Сонымен, қара тапқа жарық түсіру үшін осыған ұқсас жолмен «عُزَيْرٌ» (‘узәйрун) сөзін талдау ұсынылады. Яғни бұл сөзді семантиканың аясында талдау ұсынылады. Морфемика бойынша бұл сөздің түбірі болып «عزر» (‘айн-зә-ро) харфтарынан тұратын сөз келеді, оның аудармасы «ұялту; кінәлау, ескерту; айыптау; сөгіс беру». Осы орайда: «Біреуді сөгуге әрі айыптауға құқылы мәртебеге кім ие?» – деген сұрақ туындайды, жауабы бір: «Сотшы». Келтірілген аргументтердің тұрғысынан «عُزَيْرٌ» (‘узәйрун) сөзін мағынасы бойынша «сотшы» деп аударуға болады. Осындай түсініктің аясында бұл үзіндінің баяндау логикасы түсінікті келеді: яһудилер мен мәсіхшілерді мінеу кезінде жалқы есімдер емес, тек адамдардың мәртебесі ескеріледі. Келтірілген тұжырымдардың тұрғысынан әлгі үзіндіні (9:30) келесідей аударуға болады:

Яһудилер: «Сотшы – Алланың ұлы» – деді. Мәсіхшілер: «Майланған – Алланың ұлы» – деді…

Мәтінге былай түсінген кезде де, бізге тезистеріміздің яһудилік дереккөздері тарапынан расталуы қажет. Бірақ біздің жағдайымызда бұл растама бар, ол Тегилим 82 – нің ішінде сақталынған (Мосад рав Кук орысша аудармасының мақала авторының қазақ тіліне өзіндік аудармасы):

  1. Асаф жазған жыры. Қ-дай Қ-дайдың қауымында тұрып, сотшылардың арасында сот жүргізіп жатыр.
  2. Қашанға дейін әділетсіздікпен соттап, бұзақыларға артықшылық танытпақсыңдар? Сэла!
  3. Жарлы мен жетімге сот жүргізіңдер, езілуші мен кедейге әділ сот жүргізіңдер
  4. Жарлы мен кедейге болысыңдар, оларды бұзақылардың қолдарынан құтқарыңдар.
  5. Білмейді әрі түсінбейді, түнекте жүреді, жердің барлық негіздері шайқалады.
  6. Мен: сендер періштесіңдер әрі барлықтарың Жоғарғының ұлдарысыңдар – деп айттым.
  7. Алайда, адам тәрізді өлесіңдер, әрі кез келген шенеунік тәрізді құлайсыңдар.
  8. Қ-дайым, көтеріліп, жерге сот жүргізші, өйткені барлық халықтарды Сен иеленесің ғой.

Көргеніміздей, (Тегилимнің бұл тарауының аудармасы бойынша) Құдай сотшыларға үндейді, Ол «тәлкек» ретінде олардың өздері туралы «періштеміз» және «Жоғарғының ұлдарымыз» деген сөздерін өздеріне келтіріп, олар кез келген адам сияқты өлімге дұшар болатынын айтты. Яғни Ол сотшылар ешқандай да «періште» әрі «Жоғарының ұлдары» емес екенін, олар өлімге дұшар болатын жай ғана адам екенін жариялады, сонан соң Даудтың Құдайға деген жердегілерді Оның Өзі соттасыншы деген үндеуі мен өтініші тұр. Маңызы аз емес тағы бір факт бар, «періште» сөзі ретінде «אֱלֹקִים» (элохим) сөзі аударылған, алайда бұл иврит сөзінің дәлме-дәл мағынасы – «құдайлар», яғни сотшылар өздерін Құдай сынды көрген.

Бұл үзінді яһуди тәпсірлерінде қалай түсініледі екен? Құдайдың бұл сөздерін яһудилер тәлкек ретінде қабылдамай, Құдай шынымен де сотшыларды «құдай» және «Жоғарғының ұлдары» сынды көреді дейді. Раввин әрі Танахқа түсініктеме жазушы – Меир Лейбуш бен Йехиэль Михаль (қысқартып айтқанда – Мальбим) Тегилим 82-ге міне осындай түсініктеме қалдырған (мақала авторының орысшадан қазақшаға өзіндік аудармасы):

Шынайы сотты іске асыратын сотшы, ол Қ-дай тәрізді, себебі ол ол іс арқылы әлемді жүзеге асырады (оның шешімі болмыстың бөлігіне айналады) – Ж-ғарғы жаратады, ал ол жүзеге асырады. Сотшының шешім шығаруы Ж-ғарғының заңы бойынша болғандықтан, ол Оның ұлы сынды (Оның әрекетін жалғастырады).

Көргеніміздей, яһудилік тәпсіршінің өзі Тегилимнің 82 тарауына деген түсініктемесінде сотшылар «Қ-ұдай тәрізді» әрі «Оның ұлы сынды» дейді.

Оған қоса Танахтың басқа жерін келтірейік (Гурфинкель орысша аудармасының мақала авторының қазақ тіліне өзіндік аудармасы):

Күштілердің ұлдары адамдардың қыздары сұлу екенін көріп, таңдағандарын әйелдікке алды. (Берейшис, 6:2)

Түпнұсқада «күштілердің ұлдары» сөз тіркесінің астында «בְנֵי הָאֱלֹקִים» деген сөздер жатыр, олардың тікелей аудармасы – «құдайлардың ұлдары», яғни «күштілер» деп «אֱלֹקִים» (элохим) сөзі аударылған. Раши – Талмудқа ең ірі ортағасырлық түсініктеме беруші әрі Танахқа классикалық түсініктеме берушілердің бірі, бұл сөз тіркеске қатысты Берейшис 6:2-ге келесі түсініктеме қалдырды (мақала авторының орыс тілінен қазақ тіліне аудармасы):

«күштілердің ұлдары (немесе: Қ-дайдың ұлдары). Билеушілердің және сотшылардың ұлдары. Басқа түсіндірме: "Қ-дайдың ұлдары" – бұл Барлық жерде мекендеуші тарапынан елші ретінде келген періштелер. Олар да әйелдермен араласатын. Жазбаның барлық жерінде הים – אל сөзі билік, үстемдік дегенді білдіреді. (Келесі мысалдар) бұны дәлелдейді: "Ал сен оған אלקים, бұйырушы боласың" [Есімдер 4, 16]. "Қара, Мен сені Пароның אלקים, бұйырушысы етіп қойдым" [тап сонда 7, 1].» (Раши)

Көріп тұрғанымыздай, Раши «Құдайдың (құдайлардың) ұлдары» деп нұсқаларының бірі ретінде билеушілер мен сотшылардың ұлдарын түсінеді – бұл мақаланың авторы осындай түсіндірменің негізінде Тегилим 82-нің өзіндік яһудилік түсінігі жатыр деген ойда.  

Яһудилік тәпсірлерді талдау негізінде келесіні түсінуге болады: яһудилер Тегилим 82:6-ны тікелей түсініп, сотшыларды «Жоғарғының ұлдары» деп атап, құдай тұтып, ерекше мәртебеге бөлеуде. Бұл құрани мәлімдемеге тура сәйкес келеді.

Қызықтысы, «Берейшис» пен «Тегилимнің» (қазақ тілді мәсіхшілік терминологиясы бойынша бұл екі кітап сәйкесінше «Жаратылыстың басталуы» мен «Забур жырлары» деп аталады) атап өтілген үзінділерінің мәсіхшілік аудармасында «אֱלֹקִים» (элохим) сөзі қосымша мағына берілуісіз тікелей «құдайлар» деп аударылған («Қазақ тіліндегі Библия, 2019» аудармасы):  

Құдайдың ұлдары адамдардың қыздары сұлу екенін көріп, таңдағанын өздеріне әйел етіп алып жатты. (Жаратылыстың басталуы 6:2)

Құдай көптеген құдайлардың ортасында тұрды; құдайлардың арасында үкімін айтты: (Забур жырлары 81:1)

Мен былай дедім: сендер – құдайсыңдар, және сендердің бәрің де – Құдайдың ұлдарысыңдар; (Забур жырдары 81:6)

Қосымша ақпарат ретінде тағы бір мәліметті айта кетейін. Исраил балаларының тарихында 400 жылға созылған Сотшылар Дәуірі деп аталатын уақыт кезеңі бар. Бұл уақыт бойы Исраил балаларында патшалары жоқ болып, басшылардың қызметін сотшылар атқаратын. Сол дәуірде ең әйгілі сотшы болып Шимшон деген тұлға келетін (қазақ тілді мәсіхшілік терминологиясы бойынша – Самсон). Бұл тұлға жайында Танахтағы Шофтим (қазақ тілді мәсіхшілік терминологиясы бойынша – Билер) кітабы баяндайды. Яһудилік дәстүр бойынша Шимшон «Исраилдің құтқарушысы» болып келеді, бірақ одан қызықтысы, Талмуд бойынша ол өз халқына «олардың Көктегі Әкелері сынды» (Сота 10а, Раши) әділді сот жүргізетін. Демек, бұл сотшыны яһудилер Құдайдың Өзімен салыстырған. Келтірілген қосымша мәліметтер яһудилердің сотшы мәртебесіне деген ерекше көзқарастары туралы түсінікті одан ары кеңейтеді.

Қорытуымда келесіні айтып ескергім келіп тұр: «عُزَيْرٌ» (‘узәйрун) сөзін «сотшы» деп түсінсек, «Езраның ұлдығы» туралы көп жылдық проблемалы тақырып дәлелді түрде шешіледі.

Авторы: Ә. Н. Болатжан