Зу-ль-қарнайын жайында
Аяушы Рақымды Алланың атымен
Құранда 18:83-98-де Зу-ль-қарнайын деп аталатын тұлға жөнінде баяндама бар. Бұл сөздің араб тілінен тікелей аудармасы – қос мүйіз иесі (ذو القرنين). Бұл тұлғаны әйгілі кейіпкерлермен сәйкестендіру жөнінде әр түрлі ұсыныстар бар және аңыздарда бұл тұлғаның өмірлік іс әрекеттерінің егжей-тегжейлі әр түрлі сипаттамалары бар. «Қос мүйіз иесі» атауымен қандай әйгілі кейіпкер түсінілетінін анықтау үшін бұл мақаланың авторы тек Құран мен тарихи деректерге жүгінуді ұсынады.
1) Алдымен баяндаманың құрани мәтінін қарастырайық. Баяндама бұл тұлға туралы сұрақтың Мухаммадке жолдауынан басталады (автордың өзіндік аудармасы):
Олар сенен қос мүйіз иесі туралы сұрайды. «Мен сендерге ол туралы Ескертуді оқып беремін» – деп айт. (18:83)
Сұраушылар жөнінде: «Мухаммедтен ол туралы кім сұрады?» – деген сұрақ туындайды. Жауабы мәнтмәтіннің өзінде. Қарастырылып отырылған мәтінге дейінгі баяндамада Исраилдің ұрпағы – Мұса туралы айтылған. Бұл баяндама келесідей аяқталады:
Мұса: «Егер де мен сенен осыдан кейін бір нәрсе туралы сұрасам, онда мен сенімен бірге жүрмеймін, сенен кешірім сұрадым!» – деді. Сосын олар жолға аттанды, олар елді мекеннің тұрғындарына келгенде, ол екеуі тұрғындардан тамақ сұрады, бірақ олар ол екеуін қонақ ретінде қабылдаудан бас тартты. Сосын олар құлағалы тұрған бір дауал тапты, сосын ол оны жөндеді. (Мұса): «Егер қалағаныңда бұл үшін сыйақы алар едің ғой!» – деді. Ол: «Екеуіміздің айырылысатын сәтіміз осы. Сені сабыр ете алмаған нәрселеріңнің мағынасынан хабардар етейін! Кемеге келсек, ол теңізде жұмыс жасайтын кедей кісілердікі болған еді. Мен оны бұзғым келді, себебі олардың артында кез келген кемені күшпен тартып алатын патша болған. Ұл балаға келсек, оның әке-шешсі сенуші болған еді. Ол оларға озбырлықпен және жабықтықпен қиындық түсірмек деп қауіптендік. Біз ол екеуінің Иесі өздеріне одан да жақсы, одан да таза, мейірімділікке одан да жақын бір баланы берсін деп қалаған едік. Дауалға келсек, ол қаладағы екі жетім-баланікі еді. Астында оларға тиесілі қазына болған еді. Әкелері түзелген болған. Иең олардың ер жетіп, өз қазыналарын Иелерінің мейірімі бойынша алып шығаруын қалады! Мен бұны өздігімнен жасамадым. Міне бұл сен сабыр ете алмаған нәрселердің мағынасы!» – деген жауап берді. (18:76-82)
Сұрақ қоюшылар Исраилдің балалары болғаны анық.
Сұраққа берілген жауапта қандай сөз қолданғаны көзге түсерлік болып келеді:
… «Мен сендерге ол туралы Ескертуді оқып беремін» – деп айт. (18:83)
Алланың айтуынша бұл ақпарат Исраил балалары үшін «Ескерту» болып келеді. Бұл сөз Исраил балалары аталмыш тұлға жөнінде біледі дегенді білдіреді, яғни ол туралы баяндама олар үшін жаңа нәрсені ашу емес, тек ескерту ғана болып табылады. Шығарылған қорытындыларға негізделе тұра, қос мүйіз иесі туралы ақпарат Исраил ұрпақтарының Кітаптарында жазылған деп санау жөн келеді.
2) Даниял Кітабына бет аударайық («Жаңа өмір баспасының» аудармасы):
Бірінші көріністен кейін, Белшазар патшаның билік құрған үшінші жылы, тағы бір көріністі көрдім. Сол көріністе мен Елам аймағындағы Сузы қорғанында, Улай өзенінің жағасында тұр екенмін. Айналама көз салсам, өзен жағасында тұрған қос мүйізді қошқарды байқадым. Оның екі мүйізі де ұзын, ал біреуі екіншісінен ұзындау екен. Сол ұзындауы кейінірек өсіп шыққан болатын. (8:1-3)
Көргеніміздей, Даниялда қос мүйізді қошқар туралы көрініс болды. Бұл көріністі оған Жәбірейіл түсіндіріп берді:
Сонда Улай өзені жағынан: «Жәбірейіл, мына адамға көріністің мағынасын түсіндіріп айтып берші!» — деген біреудің дауысын естідім. Жәбірейіл мен тұрған жерге жақындап келгенде, қатты қорқып, иіліп, жерге етпетіммен жата кеттім. Ол маған: «Ей, пенде, бұл көріністің сол ауыр заманның ақыр соңы жайында екенін біліп қой», — деді. Жәбірейіл маған сөйлеп тұрған кезде мен есімнен танып, етпеттей жатқан едім. Ол маған қолын тигізіп, мені оятып, орнымнан тұрғызды. Содан соң Жәбірейіл былай деді: «Мен саған кейінірек, Құдайдың қаһарлы үкімі шығарылатын кезде, не болатынын айтпақшымын. Өйткені бұл аян сол ауыр заманның алдын ала белгіленген ақыр соңы жайында. Сен көрген қос мүйізді қошқар Мидия мен Персияның патшаларын білдіреді. (8:16-20)
Көргеніміздей, аударма бойынша қос мүйізді қошқар деп Мидия мен Персияның «патшалары» (הַקְּרָנָיִם) айтылған. Бірінші рет қарағанда бұл қарама-қайшылық болып көрінуі мүмкін. Себебі Құранда қос мүйіз иесі туралы жекеше түрде айтылған ғой. Шынында, ивриттік көпше түр қарама-қайшылық болып келмейді. Түйіні келесіде – еврей тілінде билікке ие, құрметті, ардақты тұлғаны ескергенде немесе оған сөз жолдағанда көпше түрді қолданады. Танахта бұған көп мысал бар. Бірақ әдетте қазақ тіліне аударғанда бұл құрметтеу көпше түрін елемейді. Түсінгеніңіздей, біздің жағдайда да көпше түрді елемеу керек. Яғни «Мидия мен Персияның патшалары» деп аударылған сөз тіркесті бір-ақ тұлғаға жатқызу керек. Қызығы, Танахтың көне грек аудармасы – Септуагинтада, қарастырылып отырылған мәтіндегі «патшалар» (הַקְּרָנָיִם) сөзі «патша» (βασιλεὺς) деп жекеше түрде аударылған. Енді: «Персия мен Мидияның патшасы кім болған?» – деген сұрақ қалыптасады. Тарихқа жүгінейік.
3) Тарих бойынша Персия мен Мидияның патшасы болып Ахеменидтер әулетінен шыққан Кир II жарияланған. Сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары кезінде Кир II мүсіні табылған, бұл мүсінде ол қос мүйізге ие болып бейнеленген (1 сурет).
1 сурет. Кир II мүсіні
«Неліктен Исраил балалары Мұса туралы баяндамадан кейін Кир туралы сұраған? Ол олар үшін несімен әйгілі, ол кісіде олардың алдында қандай жақсылығы бар?» – деген сұрақ туындайды.
4) Жауабы мынада – Езра Кітабы бойынша Кир Алланың бұйрығымен Исраил балаларын өз туған жерлеріне қайтарған және Иерусалим ғибадатханасын қалпына келтірген. Яғни оның кезінде Исраил балаларының халқы вавилондық тұтқыннан босатылып, туған жеріне қайтқан. Бұл жерде Мұса кезімен ұқсастық байқалады, себебі оның кезінде мысырлық құлдықтан босатылу мен уәде етілген жерге аттану болды емес пе. Кир жайында Ишая Кітабында пайғамбарлық бар, сол жазбада ол өз есімімен аталған (44:28, 45:1). Кир еврей емес бола тұра Құдайдың «майланғаны» деп аталған Танахтың жалғыз кейіпкері (Ишая Кітабы 45:1).
Бұл мәселенің басын ашу үшін авторға Зу-ль-қарнайын деп Кир II түсініледі деген ойды бірінші болып ұсынған Абу әл-Калям Азадтың зерттеулері Алланың рұқсатымен көмектесті.
Автор: Әл-Фараби Нұрбекұлы Болатжан